Қазақстан Германияға мұнай тасуды қысқартты
Германияға жөнелтілім ақпанда 210 мың тоннамен шектелді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлттық оператор – ҚазТрансОйл 2026 жылғы ақпан айындағы мұнай тасымалы жөніндегі жедел деректерді жариялады. Компания мәліметінше, Еуропа бағыты бойынша жеткізілім азайғанымен, Қазақстан балама маршруттарды күшейту стратегиясынан бас тартпай отыр.
Ақпанда Қазақстан мұнайы Германия бағытына «Дружба» құбыры жүйесі арқылы 210 мың тонна көлемінде жөнелтілді. Қаңтар айында бұл көрсеткіш 310 мың тоннаны құраған.
Осылайша, бір айдың ішінде экспорт көлемі небәрі емес, бірден 32 пайызға жуық қысқарды. Соған қарамастан, Германия бағыты Қазақстан үшін Еуропалық одақ нарығына шығудағы негізгі стратегиялық маршруттардың бірі болып қала береді.
Компания өкілдері бұл бағытты сақтау елдің экспорттық географиясын әртараптандыру саясаты аясында маңызды деп бағалайды.
Еуропаға жеткізілім бәсеңдеген тұста басқа бағыттарда қозғалыс жалғасып жатыр.
Қытай бағыты. Ақпанда «Атасу – Алашанькоу» құбыры арқылы жалпы 878 мың тонна мұнай тасымалданды. Оның ішінде Қазақстан мұнайы – 99 мың тонна. Қаңтарда Қазақстаннан Қытай нарығына 154 мың тонна өз мұнайы жөнелтілген болатын.
Каспий арқылы балама маршрут. Баку – Тбилиси – Жейхан бағыты бойынша тасымал көлемі керісінше өсті. Ақпанда жөнелтілім 115 мың тоннаға жетіп, қаңтардағы 106 мың тоннадан асып түсті.
Сарапшылардың пікірінше, Германия, Түркия бағыты және Қытай нарығы арқылы жеткізілетін маршруттарды дамыту Қазақстанға ресейлік теңіз порттарына тәуелділікті біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді. Батыс санкциялары мен мұнай инфрақұрылымына төнген қауіп-қатерлер аясында Ресей порттары арқылы экспорттың экономикалық тартымдылығы төмендеп отыр.
Сонымен қатар, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның мұнай және газконденсаты экспорты 12 пайызға өсіп, 78,7 млн тоннаға жеткен.
Материал авторы