Төреғали Төреәлі отбасымен Түркістанға көшіп кетті
Түркістанға көшкен әнші қаланың болашағына үлес қоспақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал әнші Төреғали Төреәлі отбасымен бірге Астана қаласынан Түркістан шаһарына қоныс аударды. Бұл туралы әнші өз парақшасында мәлімдеді.
Өнер иесінің айтуынша, бұл шешім жай ғана көшіп бару емес, саналы әрі ішкі таңдаудың нәтижесі.
«Біз Түркістанға көшіп келдік. Бұл – жай ғана мекен ауыстыру емес. Бұл – жүрекпен қабылданған шешім. Түркістан – тарихтың үнін сақтаған, уақыттың тынысын сездірген, рухтың тамыры тереңге кеткен қасиетті шаһар. Бұл қалада үнсіздік те мағыналы. Бұл жерде әрбір көше, әрбір тас – шежіре. Өткен мен болашақ бір-біріне қарсы тұрмайды, керісінше, бірін-бірі толықтырып, жалғастырып тұрады», – деп жазды ол.
Әнші киелі қаланы арнайы таңдап, Түркістанның келешегіне сенетінін жеткізді.
«Біз бұл қаланы саналы түрде таңдадық. Түркі әлемінің рухани астанасы атанған осы мекеннің болашағына сенеміз. Түркістан тек киелі орталық емес, ол – жаңғырудың, жаңарудың, жасампаздықтың кеңістігі», – деді ол.
Төреғали Төреәлінің сөзінше, мұндай шешім қабылдауға балалары басты себеп болған. Әнші отбасымен бірге көшудегі негізгі мақсат – өмірлік мағынасы бар істерді жүзеге асыру екенін атап өтті.
«Отбасымызбен осында қоныстандық. Балаларымыз тамырын сезініп өссін деп. Жасаған ісіміздің мағынасы терең болсын деп. Тек жобалармен шектелмей, із қалдыратын істер атқару үшін», – деп жазды әнші.
Сондай-ақ ол Түркістанға жеке жоспарлармен емес, қаланың дамуына үлес қосу ниетімен келгенін айтты.
«Киелі мекеннің келешегі – оның бүгінгі қадамына байланысты. Ал біз сол қадамның нық, саналы әрі батыл болғанын қалаймыз. Түркістан – тек өткеннің мұрасы емес. Ол – болашақтың уәдесі», – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін әншінің жары отбасындағы ерекше қыздың арманы туралы бөліскені хабарланған еді.
Материал авторы