SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талғар қаласында ер адамның қаза болуына байланысты оның жұбайы мен енесі күдікке ілініп, қамауға алынды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға жылқы саудасына қатысты туындаған отбасылық жанжалдан кейін болған.
Марқұмның мүддесін қорғаушы адвокат Асылбек Әбдірайымов жанжалдың мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, әйел күйеуіне ескертпестен жылқыларын сатып жіберген. Осыдан кейін ер адам полицияға арызданған.
Адвокаттың мәлімдеуінше, тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті ретінде танылған әйел мен оның анасы ұйықтап жатқан ер адамға шабуыл жасап, оған пышақ жарақатын салған. Қорғаушы бұл оқиғаның бір сәттік ашу мен тұрмыстық кикілжіңнің салдары бірнеше адамның тағдырын ойрандағанын атап өтті.
Аталған дерек бойынша Алматы облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 7-тармағы («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Полицияның хабарлауынша, күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін де Талғарда резонанс тудырған ауыр қылмыс тіркелген еді. Сол кезде бейтаныс адам ер кісіні атып өлтіріп, кішкентай қызды алып қашқан. Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті қыздың анасымен бұрын жақын қарым-қатынаста болған, арадағы жанжал қайғылы жағдаймен аяқталған. Кейін арнайы операция барысында бала аман-есен босатылып, күдікті ұсталған.
RUS