Шымкентте бір подъездегі үш пәтерден төрт адамның мәйіті табылды
Полиция адам өліміне әкеп соққан қызмет көрсету дерегі бойынша іс қозғады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласында бір подъездегі үш пәтерден төрт адамның мәйіті табылды. Алдын ала дерек бойынша, қайғылы жағдай жаппай газдан уланумен байланысты болуы мүмкін.
Оқиға 3 наурыз күні күндіз қаланың Тұран ауданындағы «Студенттер қалашығы» ықшамауданында тіркелген. Бұл туралы КТК телеарнасы жеткізді.
Көршілердің айтуынша, бір пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың мәйіті табылған. Екінші қабаттағы тағы бір пәтерден 23 жастағы жігіттің денесі анықталған. Ал үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде тұратын 20 жастағы студент қыз қаза болған. Көршілердің сөзіне қарағанда, марқұм қызды пәтер иесі жуынатын бөлмеден тауып алған.
Тұрғындар бірнеше күн бойы подъезде газдың иісі сезілгенін айтады. Алайда осы уақытқа дейін газ қызметі тарапынан ресми түсініктеме берілмеген.
Аталған дерек бойынша полиция «адам өліміне әкеп соққан қызмет көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның нақты себептері мен жауапты тұлғаларды анықтау бағытында тергеу жүріп жатыр.
Подъезд тұрғыны Ислам Файзуллаев болған жайтты былай сипаттады:
— Алдымен қызды шамамен түскі 12-лерде тапты. Пәтер иесі келіп, ваннаның есігі іштен құлыптаулы тұрғанын көрген. Ашып қараса, квартирант сол жерде көз жұмған екен. Осыдан кейін учаскелік полиция шақырылды. Барлық тұрғындарды сыртқа шығарып, құтқарушылар басқа пәтерлердің есігін бұзып кіріп, тағы үш адамның мәйітін тапты.
Материал авторы