Путин Еуропаға газ жеткізуді тоқтатамын деп қорқытты
Ресей ЕО нарығынан ерте кетуге дайындалып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин Еуропа нарығына газ жеткізуді 2027 жылды күтпей-ақ тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл – Еуропалық Одақтың ресейлік газға эмбарго енгізу жоспарына және Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты туындаған «ой жүгірту». Путин бұл пікірін журналист Павел Зарубинге берген сұхбатында айтты.
Мәскеу басшысының сөзінше, Ресей үшін жаңа әрі «тиімдірек» нарықтар ашылып жатыр және Еуропадан ертерек кету экономикалық тұрғыдан ұтымды болуы мүмкін.
Путин Еуропаға газ тасымалына ықтимал соққы Таяу Шығыстағы шиеленіспен де байланысты екенін атап өтті. Атап айтқанда, Ормуз бұғазы маңындағы жағдай әлемдік энергетикалық нарықтарға тікелей әсер етіп отыр.
Оның айтуынша, Ресей Еуропа нарығына байланбай, сұранысы жоғары жаңа бағыттарға назар аударуы ықтимал.
Мажарстанға газ бойынша кепіл берілді
Сол күні Путин Мажарстанның сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен кездесті. Кездесуден кейін Будапешт Мәскеуден энергия ресурстарын бұрынғы, өзгермеген бағамен жеткізуге кепіл алғанын хабарлады.
Мажарстан мен Словакия Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларына қарамастан, ресейлік мұнай мен газды сатып алуды жалғастырып отырған аз елдердің қатарында.
«Дружба» және Украина арқылы өтетін транзит
Қаңтардың соңынан бері Мажарстан Украина аумағы арқылы өтетін «Дружба» құбырымен мұнай ала алмай отыр. Киев құбыр зақымданғанын мәлімдеген. Осыған жауап ретінде Будапешт Украинаға арналған 90 млрд еуролық еуронесиені бұғаттаған.
ЕО 2027 жылға дейін ресейлік газдан толық бас тартады
Еуропалық Одақ 2027 жылдың 1 қарашасына дейін Ресейден келетін газдан толық бас тарту туралы шешімді ресми түрде бекітті.
Тыйым құбыр арқылы тасымалданатын газға да, сұйытылған табиғи газға да қатысты.
сұйытылған газ импорты – 2026 жылдың соңына дейін,
құбыр арқылы жеткізу – 2027 жылғы 30 қыркүйекке дейін тоқтатылуы тиіс.
Егер жерасты газ қоймаларын толтыруда қиындық туындаса, соңғы мерзім 2027 жылғы 1 қарашаға дейін ұзартылуы мүмкін. Сонымен қатар Ресеймен жаңа газ келісімшарттарын жасауға толық тыйым салынады.
Ресей газы ЕО үшін әлі де маңызды
AFP агенттігінің дерегінше, 2024 жылы Еуроодақтағы газ импортының шамамен 19 пайызы Ресей үлесіне тиесілі болған.
Соғысқа байланысты мұнайға іс жүзінде толық эмбарго енгізіліп, газ сатып алу көлемі айтарлықтай қысқарғанына қарамастан, Еуроодақ 2024 жылы Ресей бюджетіне ай сайын шамамен 1,5 млрд еуро төлеп отырған.
Материал авторы