319

Алматыда үйге қарулы тонаушылар басып кірген (ВИДЕО)

Қылмыскерлер үй иесін қарумен қорқытып, ақша мен әшекейлерді алып кеткен.

Алматыда үйге қарулы тонаушылар басып кірген (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда қарулы қарақшылық жасады деген күдікпен бірнеше адам ұсталды. Олар қаладағы жеке үйлердің біріне басып кіріп, үй иесіне қару кезеніп, ірі көлемдегі ақша мен зергерлік бұйымдарды алып кеткен.

Оқиға бойынша мәліметті Алматы қаласының Полиция департаменті таратты. Тергеу деректеріне сәйкес, қаскөйлер жеке үйдің аумағына заңсыз кіріп, қарумен қорқыту арқылы ақша мен алтын-күміс әшекейлерді иемденген. Алдын ала есеп бойынша, келтірілген шығын шамамен 4 млн теңгені құрайды. Қылмыс жасағаннан кейін олар оқиға орнынан бой тасалап үлгерген.

Алайда жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері арнайы жасақпен бірлесіп операция жүргізіп, күдіктілердің барлығын қысқа уақыт ішінде анықтап, қолға түсірді.

Еділхан Байғараев, Алатау аудандық полиция басқармасының басшысы, қылмыстың алдын ала мұқият жоспарланғанын айтты. Оның сөзінше, шабуыл жасағандар ізін жасыруға тырысқан. Соған қарамастан полиция мен арнайы бөлімшелердің үйлесімді әрекеті күдіктілерді жедел ұстауға мүмкіндік берген.

Тергеу барысында ұрланған мүліктің бір бөлігі заңды иесіне қайтарылды. Қалған заттар айғақ ретінде тәркіленіп, сараптамаға жіберілген.

Ал Асхат Дәулетияров, қалалық криминалдық полиция басқармасының басшысы, күдіктілердің барлық әрекеті құжатталғанын мәлімдеді. Тергеушілер заттай айғақтар мен техникалық құралдарды тәркілеген. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Сонымен бірге ұсталғандардың осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы да тексерілуде.

Полиция мәліметінше, қылмыстың қысқа мерзімде ашылуына бірнеше бөлімшенің бірлескен жұмысы, жедел қызметкерлердің кәсібилігі және арнайы жасақтың шұғыл әрекеті себеп болған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор