«Ішімнен теуіп, шашымнан сүйреді»: Данияр Елеусіновтің жұбайына екі әйелді ұрды деген айып тағылды
Қарағандыда көршілер арасында төбелес шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда танымал боксшының отбасына қатысты жанжал шықты. Екі әйел олимпиада чемпионының жұбайы өздеріне шабуыл жасап, соққыға жықты деп айыптап отыр.
Қарағанды тұрғыны Асель Жабықбаеваның айтуынша, жанжал олардың үйінің ауласында басталған. Оның сөзінше, боксшының әйелі еш себепсіз келіп, балағат сөз айтып, күш қолданған.
Жәбірленушінің айтуынша, әйел алдымен ішінен теуіп, кейін шашынан тартып жіберген. Сол сәтте жанжалға оның атасы араласып, Асельдің анасының басынан ұрған көрінеді.
«Ол бізді атасын ренжітті деп айыптады. Бірақ біз ол кісімен іс жүзінде сөйлескен де жоқпыз», – дейді Асель Жабықбаева.
Жанжалдан кейін екі әйел медициналық тексеруден өтіп, соққы іздерін тіркеген. Олар полицияға арыз жазған.
Даудың екінші тарапы – олимпиада чемпионының жұбайы – бұл айыптауларды мойындамайды. Оның айтуынша, оқиға тұрмыстық жанжалдан туған.
Ол көршілерін әдейі арандатты деп санайды және өзі де оларға қарсы арыз жазғанын айтты. Әйелдің пікірінше, көршілері бұл істі күйеуінің аты арқылы «шу шығару» үшін пайдаланып отыр.
Қазір бұл оқиғаға қатысты материалдар қаралып жатыр. Қақтығысқа қатысқан тараптардың арыздары бойынша құқық қорғау органдары тексеру жүргізуде.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов — Қазақстанның ең танымал боксшыларының бірі. Ол 2016 жылы Рио Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алған, әлем чемпионы және Азия ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы.
Материал авторы