Атырауда қоқыс арасынан науқастардың жеке деректері бар құжаттар табылды
Пациенттердің деректері далада жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атыраудағы стихиялық қоқыс алаңынан тұрғындардың жеке мәліметтері жазылған құжаттар табылды. Құжаттар науқастар туралы ақпаратты қамтитын архивтік папкалар болған. Бұл туралы «Ақ Жайық» жазды.
Күдікті олжаны Бірлік шағынауданының тұрғындары байқап қалған. Олардың айтуынша, папкалар құрылыс және тұрмыстық қалдықтардың арасында шашылып жатқан. Құжаттардың ішінде тіркеу бланкілері мен түрлі есеп материалдары бар.
Кейбір папкалардың сыртында туберкулезге қарсы облыстық диспансерде есепте тұрған және амбулаторлық ем қабылдаған науқастарға қатысты екені көрсетілген. Мұқабаларында іс нөмірлері мен құжаттарды сақтау мерзімі де жазылған.
Мұндай құжаттарда азаматтардың жеке әрі құпия деректері болуы мүмкін. Сондықтан олар арнайы тәртіппен сақталып, белгіленген талаптарға сай жойылуы тиіс.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы табылған папкалардың аймақтағы медициналық ұйымдарға тиесілі емес екенін мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, құжаттардағы реквизиттер олар қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне қатысты болуы ықтимал екенін көрсетеді.
Материал авторы