Иран Әзербайжанға құлаған дронға қатысы жоғын айтты
Әзербайжанға дрон құлап, жарылған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран билігi Әзербайжан аумағына жасалған дрон соққыларына қатысы бар деген айыптауларды жоққа шығарды. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади мәлімдеді.
AnewZ басылымына берген сұхбатында ол Иран көрші мемлекеттерге шабуыл жасамайтынын айтты. Оның сөзінше, Тегеранның әскери доктринасы тек қарсыластарының әскери нысандарына соққы беруді қарастырады.
«Біз аймақта Иранға қарсы қолданылуы мүмкін әскери базалар болса, оларға соққы жасайтынымызды басынан-ақ мәлімдегенбіз. Бұл – біздің саясатымыз», – деді Гарибабади.
Ол сондай-ақ Нахчыванда болған оқиға жан-жақты тексерілуі тиіс екенін атап өтті.
Бұған дейін Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Иран аумағынан ұшырылған дрондар Нахчыван автономиялық республикасының әуе кеңістігіне кіргенін хабарлаған еді. Мәліметке сәйкес, ұшқышсыз аппараттардың бірі әуежай терминалының ғимаратына соғылған, тағы бірі Шакарабад ауылындағы мектеп маңына құлаған.
Соңғы деректер бойынша, оқиға салдарынан төрт адам зардап шеккен. Қазір жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.
Материал авторы