SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы билік ауысуына қатысты өз ұстанымын ашық айтты. Оның сөзінше, Вашингтон Тегерандағы келесі жоғарғы көшбасшыны анықтау процесіне ықпал етуі керек.
Трамп бұл пікірін Axios порталына берген сегіз минуттық телефон сұхбатында жеткізген. Ол Иранның болашақ басшысын таңдау мәселесіне өзі де тікелей араласуды дұрыс деп санайтынын айтты. Ақ үй басшысы мұндай тәсілді бұған дейін Венесуэладағы саяси өзгерістер кезінде де қолданғанын алға тартты.
АҚШ президентінің айтуынша, қаза тапқан Иранның жоғарғы көсемі Али Хаменеидің ұлы Моджаба Хаменеи ықтимал мұрагер ретінде қарастырылып отыр. Алайда Трамп бұл кандидатураны қолайлы деп есептемейтінін мәлімдеді. Оның пікірінше, АҚШ Иранға «бейбітшілік пен тұрақтылық әкелетін» тұлғаны қолдауы тиіс.
Сұхбат барысында Трамп Венесуэладағы жағдайды мысалға келтірді. Ол Вашингтон елдегі саяси өзгерістер кезінде ықпал еткенін айтып, уақытша президент өкілеттігі берілген Дельси Родригес туралы да сөз қозғады. Бұған дейін Венесуэла президенті Николас Мадуро америкалық операция барысында ұсталғаннан кейін елдің Жоғарғы соты Родригеске толық президенттік өкілеттік берген еді.
Ирандағы билік дағдарысы наурыз айының басында басталды. Ел билігі жоғарғы көшбасшы Али Хаменеи қаза тапқанын жариялап, 40 күндік ұлттық аза тұту енгізді. Мәліметтерге қарағанда, Тегерандағы оның негізгі резиденциясы мен әкімшілік кешеніне жасалған соққы кезінде шамамен 30 бомба тасталған.
Жаңа жоғарғы көшбасшы сайланғанға дейін елді уақытша басқару шиит дін қайраткері Алиреза Арафиге тапсырылды. 67 жастағы Арафи Ирандағы ықпалды діни тұлғалардың бірі саналады және марқұм Хаменеиға жақын адамдардың қатарында болған.
RUS