SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай тұрғыны бұрынғы жұбайының асыранды қызына қатысты әдепсіз әрекеттер жасағанын айтып, полицияға шағым түсірді. Алайда қозғалған қылмыстық іс кейін тоқтатылған.
Қостанай қаласының тұрғыны бұрынғы күйеуін асыранды қызына қатысты әдепсіз әрекеттер жасады деп айыптап отыр. Әйелдің айтуынша, бұл жағдай сот процесі кезінде белгілі болған.
Оның сөзінше, ерлі-зайыпты сәби кезінен бастап екі баланы асырап өсірген. Қазір ұл бала – 17 жаста, ал қыз – 11 жаста. Екі жыл бұрын ерлі-зайыптының жолы екіге айырылған. Сол кезде балалар ер адамның ата-аналық құқықтан айырылуын талап еткен. Себеп ретінде олар әкенің өздеріне дөрекі қарым-қатынас жасағанын айтқан.
Сот барысында асырап алу құқығын жою мәселесі қаралған кезде психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалған. Сарапшылар қорытындысында қыз баланың психологиялық жарақат алғаны анықталған.
Әйелдің айтуынша, сараптама кезінде қыз бала жеті мен тоғыз жас аралығында өгей әкесінің әдепсіз әрекеттеріне ұшырағанын айтқан. Сонымен қатар балаларға үйде жалғыз қалған кезде қысым көрсетіліп, қорқытылғаны туралы да мәлімет берілген.
Павлодардан шақырылған психиатр маман қызбен сөйлесу барысында оның бұрын айтылмаған жайттарды жеткізгенін мәлімдеген. Баланың сөзінше, өгей әкесі оны қорқытып, түрлі әрекеттерге мәжбүрлеген.
Осы деректерге сүйенген ана полицияға арыз жазып, бұрынғы жұбайын асыранды қызына қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттер жасады деп айыптаған. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғағанымен, кейін тергеу оны тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Тергеу органдарының мәліметінше, барлық мән-жай жан-жақты қаралғаннан кейін іс құрамында қылмыстық құқықбұзушылық белгілері жоқ деген негізбен тоқтатылған.
Дегенмен әйел мен оның адвокаты бұл шешіммен келіспейді. Олар қылмыстық істің тоқтатылуына шағым түсіріп, істі қайта қарауды талап етпек.
RUS