392

Жайдарманшы Нұрсұлтан Жақсыгеннің үстінен екі қылмыстық іс қозғалды

Әзілкештің бұрынғы әйелі арыз түсірген.

Жайдарманшы Нұрсұлтан Жақсыгеннің үстінен екі қылмыстық іс қозғалды
жеке мұрағатынан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, блогер әрі актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты екі қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Бұл туралы оның бұрынғы жұбайы Фариза Алмасқызы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Фариза Алмасқызы көпшіліктің сұрауына жауап ретінде іске байланысты деректерді жариялап, экс-күйеуінің үстінен ресми түрде арыз түсіргенін айтты. Оның сөзінше, Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша іс қозғалған.

«Қазір Жақсыген Н.-ның үстінен екі бап бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Олар – ҚР ҚК 115-1-бабы және 274-баптың 2-бөлігі, 3-тармағы. Адвокатыммен бірге бұл істерді сотқа дейін жеткізіп, заң аясында соңына дейін барамыз», – деп жазды ол.

Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы «сталкинг», яғни адамды аңду немесе ізіне түсу әрекеттеріне қатысты. Бұл бап бойынша 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған. Ал 274-баптың 2-бөлігі, 3-тармағы «көрінеу жалған ақпарат тарату» дерегіне байланысты. Мұндай әрекет үшін бір жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы көзделген.

Әзірге құқық қорғау органдары бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Фариза Алмасқызы бұрынғы жұбайының үстінен арыз түсіретінін мәлімдеген болатын. Соңғы уақытта Нұрсұлтан Жақсыгеннің аты әлеуметтік желідегі дау-дамайлармен де жиі аталып жүр. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор