SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының Теміртау қаласында 48 жастағы әйел 13-баласын дүниеге әкелді. Сәбидің аман-есен тууы №1 облыстық клиникалық аурухананың перинаталдық орталығында тіркелген.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2 наурыз күні көпбалалы ана Лариса Кузнецова ұл бала босанған. Нәресте табиғи жолмен дүниеге келген. Дәрігерлердің айтуынша, босану асқынусыз өткен.
Жаңа туған баланың салмағы 3650 грамм, бойы 54 сантиметр. Сәбиге Эмин есімі берілген. Ол – отбасының тоғызыншы ұлы. Ал көпбалалы ананың тұңғыш қызы бүгінде 25 жаста.
Лариса Кузнецова өзі де көпбалалы отбасында өскенін айтады. Оның сөзінше, үлкен шаңырақта бала тәрбиелеу оған таңсық емес.
«Мен өзім көпбалалы отбасында өстім, сондықтан бұл өмір салты маған жат емес. Жолдасым алғашында жалғыз бала болып өскендіктен үйренісе алмай жүрген, кейін біртіндеп қалыптасты. Соңғы сәбиімізге бәріміз ерекше қуанып отырмыз. Дәрігерлерге аман-есен босануыма көмектескені үшін алғыс айтамын», – деді ол.
Дәрігерлердің айтуынша, ана мен нәрестенің жағдайы жақсы.
RUS