Елдос Қоспаевтың Алматыдағы үйі 5 млрд теңгеге бағаланды
Саябақ орнына салынған үй 46,3 миллион теңгеге сатып алынған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы даулы нысандардың бірі — кәсіпкер Елдос Қоспаевқа тиесілі тұрғын үй кешені. Сарапшылар бұл мүлікті шамамен 5 миллиард теңгеге бағалаған. Алайда қымбат нысан аукционға емес, мемлекеттік құрылымдардың балансына тегін берілуі де ықтимал.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Алматыдағы Esentai City тұрғын үй кешенінде орналасқан жылжымайтын мүлік нысандарын қайта сатылымға шығарды. Бұл жолы құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға Әл-Фараби даңғылы, 116/57 мекенжайындағы көпфункциялы тұрғын үй кешенін өз қарамағына алу ұсынылған.
Нысанның жалпы аумағы 1536,5 шаршы метрді құрайды, ал оған тиесілі жер телімі — 0,3950 гектар.
Қоспаев ісі бойынша сот үкімінде бұл ғимараттың бастапқы жоспарға мүлде кірмегені айтылған. Қала құрылысы жобасына сәйкес, аталған жерде Есентай өзеніне ашылатын көрінісі бар қоғамдық саябақ салынуы тиіс болған. Алайда жоспарланған демалыс аймағының орнына тұрғын үй кешені бой көтерген.
Құжаттарға сәйкес, Елдос Қоспаев бұл нысанды 2021 жылдың наурызында небәрі 46,3 миллион теңгеге сатып алған. Кейін жүргізілген аудит ғимараттың нарықтық құны әлдеқайда жоғары екенін көрсетті: сарапшылар оны 5 миллиард теңгеге бағалаған. Оның ішінде 4 миллиард теңге ғимараттың өзіне, ал 957 миллион теңге жер теліміне тиесілі.
Мемлекеттік мүлік департаментінің мәліметінше, Алматыда Қоспаевқа тиесілі барлығы 23 жылжымайтын мүлік нысаны бағалаудан өткен. Алдағы уақытта олардың басым бөлігі сатылымға шығарылуы мүмкін.
Материал авторы