Лос-Анджелесте қазақстандық боксшының үйі өртенді (ВИДЕО)
Өрт ауызашарға жиналып жатқан сәтте тұтанған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында қазақстандық боксшы Мадияр Ашкеевтің үйінде өрт шықты. Оқиға туралы спортшы әлеуметтік желідегі Instagram парақшасында айтып, өрт орнынан түсірілген видеоны жариялады.
Кадрлардан үйдің бір бөлігін жалын шарпып, өрт сөндірушілердің тілсіз жаумен күресіп жатқанын көруге болады.
Бұрын Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен боксшының айтуынша, өрт түстен кейін, отбасы ифтарға жиналып жатқан кезде басталған.
Спортшы әуелі үйдің ішінен күйік иісін сезгенін айтады. Алғашында ас үйде бірдеңе күйіп кеткен шығар деп ойлаған.
«Үйден күйік иісі шығып тұрды. Балалардан, үйдегілерден «ештеңе жанып жатқан жоқ па, тамақ күйіп кеткен жоқ па?» деп сұрадым. Олар бәрі дұрыс екенін айтты. Кейін гаражды ашқанда үйдің жартысы отқа оранып, қою қара түтін шығып жатқанын көрдік», — деді Ашкеев.
Оның айтуынша, сол сәтте ең алдымен балаларды сыртқа шығару қажет болған. Үйдегілердің барлығы көшеге шығарылғанымен, бір баланың жоқ екені белгілі болған.
«Бір кезде Алдиярдың жоқ екенін байқадым. Ол екінші қабатта қалып қойған екен. Дереу айқайлап, ақыры оны да сыртқа алып шықтық», — деді спортшы.
Өрт салдарынан үйдің бір бөлігі қатты зақымданған. Соған қарамастан, отбасы мүшелерінің ешқайсысы зардап шекпеген.
Ашкеев өрт сөндірушілер мен жедел қызмет өкілдеріне жедел әрекеті үшін алғыс айтты. Сондай-ақ қиын сәтте қолдау білдірген достарына ризашылығын жеткізді.
Қазір боксшының отбасы уақытша достарының үйінде тұрып жатыр.
Материал авторы