Ақтауда кісі өлтіру ісіне күдіктілер Украинадағы соғысқа кеткен болуы мүмкін
Күдіктілерді ұстауға көмектескен ақпарат үшін 2 млн теңге сыйақы жарияланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда жергілікті тұрғын Александр Насибариді өлтірді деген күдікке ілінгендерді ұстауға көмектесетін ақпарат үшін 2 миллион теңге көлемінде сыйақы жарияланды. Бұл туралы әлеуметтік желіде жәбірленуші тараптың адвокаты Ажар Әбділ мәлімдеді. Оның айтуынша, күдіктілердің орналасқан жерін анықтауға және оларды ұстауға көмектесетін нақты мәлімет берген адамға сыйақы төленеді.
Александр Насибари 2025 жылдың 24 қарашасында жоғалып кеткен. Екі аптадан кейін, 8 желтоқсанда оның мәйіті Ақтау маңындағы радон көздері орналасқан аумақтан табылған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, марқұмның денесінде 20-дан астам пышақ жарақаты болған. Сонымен қатар басынан ауыр жарақаттар анықталған.
Осы факті бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктілер анықталып, оларға іздеу жарияланды.
Марқұмның туыстарының мәліметінше, күдіктілер — Эльдар Аллахвердиев пен Амир Аллахвердиев. Әке мен бала Қазақстаннан кетіп қалған. Алдымен олар Ресей аумағында болуы мүмкін, кейін Әзербайжан арқылы Түркияға кеткен деген ақпарат бар.
Туыстарының айтуынша, полицияда ер адамдар Ресейде келісімшартқа отырып, соғыс қимылдарына қатысу үшін Украинаға аттанған болуы мүмкін деген болжам айтылған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, адам өлтірілген күні күдіктілердің жанында тағы бір ер адам болған. Ол екі аптадан кейін ғана мәйіттің жатқан жерін көрсеткен.
Оған қатысты «Қылмысты жасыру» бабы бойынша жеке қылмыстық іс қозғалған.
Қазіргі уақытта Эльдар және Амир Аллахвердиевтер халықаралық іздеуге жарияланған.
Материал авторы