Елена Рыбакина Индиан-Уэллс турнирін жеңіспен бастады
Рыбакина АҚШ-тағы турнирде америкалық қарсыласын үш сетте жеңді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс турниріндегі алғашқы матчын жеңіспен аяқтады.
Әлемдік WTA рейтингінде үшінші орында тұрған қазақстандық теннисші жарыстың екінші айналымында америкалық Хейли Баптиспен кездесті. Әлемнің 43-ракеткасына қарсы өткен матч тартысты өтті.
Кездесу үш сетке созылды. Рыбакина бірінші партияны тай-брейкте жеңіп алды — 7:6. Алайда екінші сетте қарсыласы басым түсіп, есепті теңестірді — 2:6. Шешуші үшінші партияда қазақстандық теннисші ойын тізгінін қайта қолға алып, 6:2 есебімен матчты өз пайдасына аяқтады.
Осылайша Рыбакина турнирдің келесі кезеңіне жолдама алды.
Айта кетейік, қазақстандық теннисші Индиан-Уэллс турнирінде бұған дейін де табысқа жеткен. Ол 2023 жылы осы жарыстың чемпионы атанған. Ал өткен маусымда 1/8 финалға дейін жетіп, кейін турнир жеңімпазы атанған Мирра Андрееваға жол берген еді.
Биылғы турнирдің жалпы жүлде қоры 9,4 миллион долларды құрайды. Жеңімпаз теннисші 1,5 миллион доллардан астам сыйақы мен WTA рейтингінің 1000 ұпайына ие болады.
Материал авторы