408

Атырауда автобус жүргізушілері уәде етілген 530 мың теңге жалақыны ала алмай жүр

Жүргізушілер жалақы мен әлеуметтік төлемдерге қатысты дабыл қақты.

Атырауда автобус жүргізушілері уәде етілген 530 мың теңге жалақыны ала алмай жүр

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда қоғамдық көлік жүргізушілері жалақының уәде етілген деңгейде төленбей отырғанына шағымданды. Олардың айтуынша, ресми түрде бекітілген 530 мың теңге көлеміндегі еңбекақы іс жүзінде толық берілмейді. Бұл туралы АқЖайық басылымы жазды.

Жүргізушілердің бейнеүндеуі әлеуметтік желілерде тарады. Онда қызметкерлер 2024 жылы қалалық мәслихат автопарк жұмысшыларының жалақысын 530 мың теңге деңгейінде бекіткенін айтады. Алайда екі жылға жуық уақыт өтсе де, бұл соманы толық алған адам жоқ екенін жеткізген.

Сонымен қатар жүргізушілер биылғы жылдың басынан бері міндетті әлеуметтік төлемдер де аударылмай отырғанын мәлімдеді. Олардың сөзінше, зейнетақы жарналары мен міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне төлемдер түспеген.

Бағаның қымбаттауы мен өмір сүру шығындарының өсуі жағдайында жалақы мәселесі өткір тұрғанын айтқан жүргізушілер, егер мәселе шешілмесе, жоғары органдарға, тіпті президентке дейін жүгінуге дайын екенін мәлімдеді.

Атырау әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Қала билігінің мәліметінше, 2024 жылдан бастап қоғамдық көлік жүргізушілерінің жалақысы кезең-кезеңімен өсіріліп келеді. Төлемдер жолаушылар тасымалына бөлінетін субсидия құрамында автопарктер арқылы беріледі.

Әкімдік дерегінше, Атырауда жолаушылар тасымалымен жеті автопарк айналысады. Әлеуметтік желіде айтылған мәселе «Atyrau-Avtopark» және «Algabus» компанияларына қатысты болуы мүмкін.

Қала билігі төлемге байланысты қиындықтар автопарктердің ішкі есеп айырысу жүйесіне байланысты болуы ықтимал екенін жоққа шығармайды. Осыған байланысты материалдарды тексеру үшін қадағалау органдарына жолдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар әкімдік автопарк иелерімен кездесулер өткізіп, жүргізушілерге жалақының уақытылы әрі толық төленуін қамтамасыз етуді көздеп отыр. Бір автопарк өкілдері жүргізушілермен кездесіп, жағдайға қатысты түсініктеме берген. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор