Таразда жолаушы автобус жүргізушісін пышақтады (ВИДЕО)
Жарақат жүрек тұсына жақын жерге тиген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Таразда жолаушы автобус жүргізушісіне пышақпен шабуыл жасады. Оқиға №11 бағыттағы автобуста болған.
Полицияның мәліметінше, жанжал туралы хабар 9 наурыз күні сағат 20:14 шамасында түскен. Оқиға Жансая ықшамауданындағы аялдамалардың бірінде тіркелген.
Алдын ала дерек бойынша, автобус салонында жолаушы мен жүргізуші арасында жанжал шыққан. Қысқа уақыт ішінде дау агрессияға ұласып, 40 жастағы ер адам пышақ шығарып, 59 жастағы жүргізушіге соққы жасаған.
Жарақат сол жақ қолтық тұсына тиген. Дәрігерлердің айтуынша, соққы жүрекке өте жақын жерге бағытталған.
Полиция қызметкерлері күдіктіні оқиға орнында ұстап алған. Ұстау кезінде ол қарсылық көрсеткенімен, көп ұзамай залалсыздандырылған.
Жараланған жүргізушіні жедел жәрдем бригадасы қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер оның сол жақ қолтық тұсында пышақтан болған кесілген жарақат бар екенін растады.
Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Материал авторы