385

Вьетнамда жоғалған қазақстандық қыз тірі табылды

Бірнеше күн хабарсыз кеткен қыздың қалай табылғаны белгілі болды.

Вьетнамда жоғалған қазақстандық қыз тірі табылды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Вьетнамда бірнеше күн бойы хабарсыз кеткен 26 жастағы қазақстандық Асем Әубәкір тірі табылды. Бұл туралы оның әпкесі Рузана Әубәкір әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Рузананың айтуынша, Асем 6 наурыздан бері туыстарымен байланысқа шықпаған. Осыдан кейін жақындары оны іздестіру туралы ақпарат жариялаған.

«Асем табылды. Әзірге оның жағдайы туралы айтуға болмайды деп өтінді. Маған көмектескен Сыртқы істер министрлігіне, қаржы полициясына, Ішкі істер министрлігіне және барлық қолдау көрсеткен адамдарға алғыс айтамын», — деді ол.

Сонымен қатар қыздың әпкесі қазір Вьетнамға мүмкіндігінше тез жетуге тырысып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, ең бастысы — баға емес, уақыт.

«Қазір ең үлкен мәселе — ұшып бару. Қандай билет болса да бәрібір, тек тез жету керек. Қазір оның жанында консул бар. Мен Асемді видеоқоңырау арқылы көрдім. Қалғанын әзірге түсіндіре алмаймын. Ең бастысы — оның табылғаны», — деді Рузана.

Бұл жағдайға қатысты пікір алу үшін журналистер Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі не жүгінген.

Еске салайық, 9 наурыз күні қазақстандық азаматша Вьетнамда жүрген 26 жастағы әпкесінің жоғалып кеткенін хабарлаған еді. Осыдан кейін қазақстандық дипломаттар қызды іздеу жұмыстарына кіріскен.

Туыстарының сөзінше, жоғалған қыз бұған дейін өзін біреулердің қудалап жүргенінен қауіптенген.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор