Атырауда қаза тапқан Мирамгүл мен Наурыздың денелері мәйітханаға сараптамаға жіберілді
Марқұмдардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда қаза тапқан Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Бұл туралы марқұмдардың туыстары хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, Атырау облысы полиция департаменті қызметкерлері кешкі уақытта отбасы мүшелеріне мәйіттердің табылғанын жеткізген. Денелер Геолог шағын ауданындағы үйлердің бірінің маңынан табылған. Күдікті осы маңда айына шамамен 50 мың теңгеге уақытша баспана жалдап тұрған.
Марқұмдардың туыстары олардың соңына дейін тірі екеніне үміттенгенін айтты.
«Күдікті ұсталды дегенді естігенде, Мирамгүл мен Наурыз аман шығар деп үміттендік. Бірақ кеше олардың да өлтірілгенін хабарлады. Қазір денелері моргқа жеткізілді, сараптама жүргізіледі. Кешке дейін беруге уәде етті, сонда жерлеу рәсімін өткіземіз», — деді туысы Шалқар Мұқанғалиев.
Отбасының айтуынша, марқұмдарды Жангелдин ауылында, ата-анасының қабірінің жанында жерлеу жоспарланып отыр.
Туыстары күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева қазір Авангард шағын ауданындағы психологиялық қолдау орталығында екенін де хабарлады. Ол жерде әйелге медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде
Жоғалған отбасы ісі
Бұл оқиға жыл басында Атырау облысында тұтас бір отбасының жоғалуынан кейін белгілі болған. Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы із-түзсіз кеткен.
Іздестіру жарияланған адамдар қатарында Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева, Мирамгүл Қарабалина және Наурыз Мұқанғалиев болған.
6 қаңтарда полиция ерлі-зайыптылардың денелері табылғанын хабарлаған. Ал олардың балаларының қайда екені белгісіз күйінде қалған.
Кейін құқықтық статистика порталында негізгі күдікті ретінде марқұм зейнеткерлердің күйеу баласы — Сұлтан Сәрсемалиев жарияланып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
Күдікті Индонезиядағы Ломбок аралында орналасқан Сенару ауылында ұсталды. Тергеу аясында оның бұрынғы жұбайы да күдікті ретінде қарастырылып отыр. Екеуі де Қазақстанға жеткізілген.
Материал авторы