Қостанайда апатты үйдің шатыры опырылып түсті (ВИДЕО)
Ғимаратта алты отбасы, барлығы 24 адам тұрған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай қаласында көппәтерлі апатты үйдің шатыры ішінара опырылып түсті. Оқиғадан кейін тұрғындарды қауіпсіз баспанаға шұғыл көшіру туралы шешім қабылданды.
Қостанай қаласы әкімдігінің мәліметінше, жағдайға байланысты жедел кеңес өткізілген.
Оқиға Кочубей көшесі, 11 мекенжайындағы сегіз пәтерлі үйде болған. Ғимарат 2024 жылдың күзінде апатты деп танылған. Қазіргі уақытта онда алты отбасы, барлығы 24 адам тұрған.
Қауіпсіздік мақсатында тұрғындарды қысқа мерзім ішінде басқа баспанаға көшіру туралы шешім қабылданған. Бұл мәселеде жеке құрылыс компаниясы қолдау көрсетіп отыр.
Аталған аумақта реновация бағдарламасы аясында ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленуде. Құрылыс компаниясы жаңа үй салынғанға дейін тұрғындарға уақытша жалдамалы пәтердің ақысын өз мойнына алған.
Жоспар бойынша жаңа үйді биылғы қыркүйекке дейін пайдалануға беру көзделіп отыр. Содан кейін тұрғындарға қазіргі баспанасының көлеміне тең жаңа пәтерлер ұсынылады.
Әкімдік мәліметінше, реновация бағдарламасы бекітілген кезде қалада осындай бес апатты үй болған. Оның бірі қазірдің өзінде босатылған, ал қалған төртеуі Кочубей және Садовая көшелерінде орналасқан.
Қала билігі жыл соңына дейін барлық апатты үйлердің мәселесін шешуді жоспарлап отыр.
Материал авторы