«Банк карталары мен мал сату»: Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа айыптар тағылуы мүмкін
Бір отбасының 4 адамының өліміне күдіктіден жеке куәліктер мен бірнеше банк картасы табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, отбасын өлтіру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қосымша айыптар тағылуы мүмкін. Тергеу марқұмдарға тиесілі банктік карталар мен жеке құжаттардың пайдаланылуына қатысты эпизодтарды тексеріп жатыр.
Дереккөздердің мәліметінше, бұл жайттар істің құқықтық саралануына әсер етуі ықтимал. Тергеу барысында қылмыстық істің жаңа эпизодтары мен қосымша баптары пайда болуы мүмкін екені қарастырылуда.
Күдіктілерді Индонезиядан Қазақстанға тапсыру кезінде түсірілген видеодан Сәрсемәлиевпен бірге қазақстандық құқық қорғау органдарына бірқатар жеке құжаттар мен банктік карталар берілгені байқалады.
Кадрлардан бес адамның жеке куәлігі көрсетілген. Олар: Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева, Наурыз Мұқанғалиев, Мирамгүл Қарабалина және Сұлтан Сәрсемәлиев.
Бейнематериалдарда бірнеше банктік карта да көрінеді. Олардың арасында төрт Kaspi Gold картасы және зейнетақы төлемдері түскен болуы мүмкін тағы төрт банк картасы бар. Алдын ала деректер бойынша, ата-анасы еңбек өтіліне байланысты зейнетақы алып отырған, ал балаларына мүгедектік бойынша төлем тағайындалған.
Тергеушілер мал сату фактісін де тексеріп жатыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Наурыз Мұқанғалиев жоғалғаннан кейін оның WhatsApp нөмірінен малдың бір бөлігін сатуды сұраған хабарлама келген. Көршілерінің бірі шамамен бір миллион теңгеге мал сатып, ақшаны Kaspi Gold картасына аударған.
Егер банктік карталарды заңсыз пайдалану деректері расталса, іс бойынша қосымша айыптар тағылуы мүмкін.
Сонымен қатар 10 наурыз күні тергеу соты күдіктінің жұбайына қатысты шешім қабылдады. Полицияның өтініші негізінде Ақбаян Мұқанғалиева сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін 10 сәуірге дейін психикалық денсаулық орталығына орналастырылды.
Мамандар оның психикалық жағдайын анықтап, тергеу үшін тиісті қорытынды беруі тиіс.
Қазіргі уақытта Мұқанғалиеваның балалары облыстағы балалар мекемелеріне орналастырылған. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар ресми түрде ажырасқанымен, бірге тұрғаны белгілі болды.
Тергеу аяқталған соң қаза тапқандардың туыстары жәбірленуші тарап ретінде материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап қоюға құқылы.
Қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Материал авторы