358

Алтынкөлдегі құтқару операциясы кезінде құтқарушы қаза тапты

Алтынкөлде бөлініп кеткен мұз үстінде қалған адамды құтқару операциясы кезінде ТЖ қызметкері қаза тапты.

Алтынкөлдегі құтқару операциясы кезінде құтқарушы қаза тапты
ТЖМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алтынкөл көлі аумағында жүргізілген құтқару операциясы қайғылы аяқталды. Мұз үстінде қалып қойған балықшыны құтқару кезінде құтқарушы қаза тапты.

Оқиға Панфилов ауданы аумағында болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 7 наурыз күні кезекші қызметке Алтынкөлде балық аулап жүрген ер адамның мұз жарылып кеткеннен кейін бөлініп кеткен мұз үстінде қалып қойғаны туралы хабар түскен. Мұз сынығы көлдің ортасына қарай ағып кеткен.

Оқиға орнына Жаркент қаласындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, Талдықорған қаласының жедел-құтқару жасағы, сондай-ақ ҚР ТЖМ-нің «Барыс» республикалық құтқару қызметінің мамандары мен Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жіберілді.

Алайда құтқару жұмыстары барысында мұз қайтадан жарылып, жағдай күрт қиындады. Соның салдарынан №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау майоры Дамир Тарановқаза тапты. Ол оқиға орнында құтқару операциясына тікелей қатысып жүрген.

Дамир Таранов 1994 жылдың 28 маусымында туған. Азаматтық қорғау жүйесіндегі қызметін 2012 жылы бастаған. 2016 жылдан бастап өртке қарсы қызмет органдарында еңбек етіп, Панфилов ауданы мен Қапшағай қаласындағы өрт сөндіру бөлімдерінде түрлі қызмет атқарған. Соңғы жылдары Жетісу облысындағы Панфилов ауданының №11 өрт сөндіру бөлімінде қызмет еткен.

Материал авторы