426

Зеленский: «Үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі барын Трампқа алдын ала айттым»

Зеленскийдің айтуынша, Ресей мен Иран арасындағы әскери технология алмасуы қауіптің ауқымын арттырып отыр.

Зеленский: «Үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі барын Трампқа алдын ала айттым»
AP Photo / Danylo Antoniuk

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Владимир Зеленский Таяу Шығыстағы шиеленіс жаһандық қақтығысқа ұласуы мүмкін екенін бұрыннан ескерткенін мәлімдеді. Украина президенті бұл туралы ирландиялық блогер Кейлин Робертсон берген сұхбатында айтты.

Әңгіме барысында тараптар Таяу Шығыстағы қазіргі қақтығыстың ауқымы кеңейсе, оның Үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласу қаупі бар екенін талқылады. Зеленскийдің айтуынша, мұндай сценарийдің алғышарттары соңғы жылдары қалыптаса бастаған.

Украина президенті Ресей мен Украина арасындағы соғыстың алғашқы кезеңінде Ресей қолданған дрондардың құрамында ирандық бөлшектер болғанын еске салды. Ал қазір, оның сөзінше, жағдай керісінше өзгерген — Иран ресейлік компоненттерді пайдалана бастады.

Зеленскийдің пікірінше, Иран Таяу Шығыстағы бірқатар елдерге, сондай-ақ АҚШ әскери базаларына шабуыл жасап жатыр. Мұндай әрекеттер америкалық әскери қызметкерлер арасында шығындарға әкелген.

«Бұл – соңғы жылдары әлем бетпе-бет келген ең үлкен қауіптердің бірі. Мұндай эскалация Үшінші дүниежүзілік соғысқа алып келуі мүмкін», – деді Украина президенті.

Сұхбат барысында блогер Робертсон Зеленский мұндай сценарийдің қаупін бір жыл бұрын-ақ айтып жүргенін атап өтті. Украина басшысы сол кезде бұл туралы Дональд Трамп ескерткенін айтты.

«Мен Үшінші дүниежүзілік соғыс болуы мүмкін екенін айттым. Президент мені естіген жоқ. Мүмкін оның айналасындағылар естіген шығар, бірақ Ресейдің дрондармен қолдау көрсетіп, кейін ракеталық көмекті де арттыруы мүмкін екенін толық бағалады деп ойламаймын», – деді Зеленский.

Бұған дейін Украина басшысы АҚШ Иранның дрондарына қарсы қорғаныс мәселесінде Киевтен көмек сұрағанын да айтқан болатын. Сонымен қатар ол Ресей Таяу Шығыстағы шиеленісті пайдаланып, өзіне салынған санкцияларды әлсіретуге ұмтылып отыр деп мәлімдеген.

Материал авторы