«10 келі арықта»: Мақпал Жүнісова сахнада өзін сынаған Құлыбаевқа жауап берді (ВИДЕО)
Асқар Құлыбаев сахнаға шығып, әншіге салмағы туралы ескерту жасаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда өткен жеке концерт кезінде Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова күтпеген жағдайға тап болды. Концерт барысында көрермендердің бірі сахнаға шығып, әншіге алдымен жылы лебіз білдіріп, кейін оның сырт келбетіне қатысты пікір айтқан.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адам Мақпал Жүнісоваға салмағын азайтса, бұрынғыдай «қыздай» болатынын айтып, өз тәжірибесін мысалға келтіріп, дұрыс тамақтану мен спортпен айналысуға кеңес берген.
Мұндай ескертуді күтпеген әнші оған бірден жауап қайтарды. Өнер иесі өзіне бұйырып сөйлемеуін сұрап, қиын кезеңдерінде қолдау көрсетпеген адамдардың бүгін келіп ақыл айтуына қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ ол өзінің қазіргі дене бітімі өзіне ұнайтынын ашық айтты.
Оқиға видеосы TikTok желісінде тез тарады. Көпшілік көрерменнің айтқан сөзін орынсыз деп бағалап, әлеуметтік желіде оны сынға алды. Пікір жазған қолданушылардың басым бөлігі әйел адамның сырт келбетіне мін тағудың дұрыс еместігін айтып, әншіні қолдады.
Кейіннен сахнада пікір айтқан адамның 88 жастағы Асқар Құлыбаев екені белгілі болды. Ол бұрын Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарды дамыту министрі қызметін атқарған. Сонымен қатар кәсіпкер Тимур Құлыбаевтың әкесі ретінде аты аталады.
Материал авторы