328

Атыраулық әйел үш метрлік питон үшін сот алдынан бір шықты

Үш метрлік жыланды тәркілеуге тура келді.

Атыраулық әйел үш метрлік питон үшін сот алдынан бір шықты
pixabay

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау қаласының тұрғыны үйінде рұқсатсыз питон ұстағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен жылан мемлекет пайдасына тәркіленді.

Атырау облыстық соттары мәліметінше, іс Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқықбұзушылықтар сотында қаралған. Әйелге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 389-бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап жабайы жануарларды заңсыз сатып алу, тасымалдау немесе үй жағдайында ұстау әрекеттері үшін жауапкершілік қарастырады.

Сотта анықталғандай, қала тұрғыны өз үйінде салмағы шамамен 30 келі, ұзындығы 3–3,5 метр болатын питонды арнайы рұқсат құжаттарынсыз ұстаған. Мұндай жануарларды заңды түрде иелену үшін халықаралық CITES талаптарына сәйкес құжаттар болуы тиіс.

Құқықбұзушылық әйелге қатысты жасалған әкімшілік хаттамамен, түсініктемелермен және фотодәлелдермен расталған.

Сот қаулысымен әйел кінәлі деп танылып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл мөлшері құқықбұзушылықтың сипаты мен тұлғаның жағдайын ескере отырып 30 пайызға қысқартылып, 30 275 теңге болып белгіленді.

Үш метрлік питон мемлекет пайдасына тәркіленді. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы