SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысында қолайсыз ауа райы салдарынан жолда қалып қойған ондаған адамға құтқарушылар көмек көрсетті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, барлығы 46 азамат қауіпсіз жерге жеткізілген.
Осакаров ауданында Осакаровка кентінен шамамен 7 шақырым жерде орналасқан «Осакаровка – Нұра» облыстық маңызы бар автожолының жабық учаскесінде тоғыз жеңіл көлік қар құрсауында қалған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар арнайы жол талғамайтын техникамен 22 адамды, оның ішінде үш баланы эвакуациялап, Сельстрой ауылына жеткізді. Олардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған.
Сонымен қатар Нұра ауданында жабық блок-бекет маңында жиналып қалған көліктерден 21 адам, оның ішінде үш бала эвакуацияланып, жылыту пунктіне жеткізілген.
Бұдан бөлек, Нұра кентінен 12 шақырым жерде аударылып қалған жеңіл көліктен бір адам құтқарылып, елді мекенге жеткізілді. Тағы бір жағдайда Нұрадан 15 шақырым жерде техникалық ақауы бар көлікте қалған екі адам құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілген. Екі жағдайда да зардап шеккендерге медициналық көмек қажет болмаған.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға жолға шығар алдында ауа райының жағдайын және автожолдардың жай-күйін мұқият тексеруге кеңес береді. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті.
RUS