348

Ақтөбеде сатушы ер адамды алаяқтарға 10 млн теңге аударудан сақтап қалды

Дүкен қызметкері алаяқтардың құрбаны болғалы тұрған ер адамды тоқтатты.

Ақтөбеде сатушы ер адамды алаяқтарға 10 млн теңге аударудан сақтап қалды
polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде дүкен қызметкерінің қырағылығы ірі қаржылық шығынның алдын алды. Ол телефон алаяқтарының құрбаны болғалы тұрған ер адамды тоқтатып, миллиондаған теңгенің сақталуына ықпал етті.

Оқиға 10 наурыз күні болған. Дүкен менеджері келушілердің бірінің телефонмен сөйлесіп, қатты абыржып тұрғанын байқайды. Оның әрекеті күдік тудырған соң, қызметкер әңгімеге араласқан.

Белгілі болғандай, ер адам телефон арқылы сөйлескен адамдардың нұсқауымен 10 миллион теңге аудармақ болған. Ол тіпті сұралған ақшаны табу үшін ата-анасы отбасылық мерекеге дайындап қойған алтын әшекейлерді сатуға да дайын болған.

Соған қарамастан, ол алаяқтарға 800 мың теңге аударып үлгерген.

Жағдайды түсінген менеджер бірден «102» нөміріне хабарласқан. Полиция келгенге дейін ол ер адамды белгісіз адамдардың сөзін тыңдамауға және олардың талаптарын орындамауға көндірген.

Нәтижесінде алаяқтардың жоспары жүзеге аспай, жәбірленушінің шамамен 9,2 миллион теңге көлеміндегі ақшасы мен мүлкі сақталып қалды.

 

 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор