Ақтауда жұмысқа орналасуға кетіп, жоғалып кеткен әйел әлі табылмады
Анасының айтуынша, ол бұрын ешқашан байланыссыз кетпеген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда 39 жастағы Наталья Бойкованы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, әйел жоғалған күні жұмысқа орналасу үшін үйінен шыққан.
Жоғалған азаматтың анасы Вера Бойкованың айтуынша, қызы сол күні жұмыс іздеп жүрген. Ол сауда орталығындағы супермаркеттердің біріне барып, жұмысқа орналасуға ниеттенген.
«Қызым жұмыс іздеп жүрді. Сол күні дайындалып, “ШУМ” сауда орталығындағы супермаркетке барамын деп шықты. Қашан қайтып келетінін айтпады. Мен тек ұзақ жүрмей, үйге келуін өтінген едім», – дейді анасы.
Отбасының сөзінше, Наталья бұрын-соңды бірнеше күнге хабарсыз кеткен емес және әрдайым ата-анасымен байланыста болған. Сондықтан ол үйге оралмаған кезде жақындары бірден полицияға арыз жазған.
Қазір отбасы әйелдің аман-есен табылатынына үміттеніп отыр.
«Біз қызымызды үйде күтіп отырмыз. Оның амандығына сенгіміз келеді, қатты сағынып отырмыз», – деді Вера Бойкова.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті іздестіру шаралары жалғасып жатқанын хабарлады. Құқық қорғау органдары жедел іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Полиция Наталья Бойкованың қайда екенін білетін азаматтардан 102 нөміріне хабарласуды сұрайды.
Еске салайық, әйел 6 наурыз күні үйінен шығып кеткен. Содан бері оның қайда екені белгісіз. Ақтауда оны іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Материал авторы