Таразда жеті оқушы қыз қатарласын кастетпен соққыға жыққан (ВИДЕО)
Зардап шеккен оқушы екі күн реанимацияда жатқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Таразда мектеп оқушыларының қатысуымен болған қатыгез шабуыл қоғамда резонанс тудырды. №51 мектептің 9-сынып оқушысын көшеде жеті жасөспірім қыз соққыға жыққан.
Жәбірленушінің жақындарының айтуынша, шабуыл кезінде қатысушылардың бірі кастет қолданған. Салдарынан оқушы ауыр жарақат алып, екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Кейін ол жүре алмай, мүгедектер арбасымен қозғалған.
Зардап шеккен қыздың туыстары оқиғаның бейнежазбалары бар екенін айтады. Соған қарамастан, олардың сөзінше, күдіктілер әзірге бостандықта жүр. Сонымен қатар, жәбірленуші тарап шабуылға қатысы бар деп болжанған жасөспірімдердің туыстарынан қорқыту сипатындағы хабарламалар алғанын мәлімдеген.
Жамбыл облыстық полиция департаменті оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Құқық қорғау органдары төбелеске қатысқан барлық жасөспірімді анықтап, полицияға жеткізген.
Полиция мәліметінше, оқушы қыздардың ата-аналары кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар жасөспірімдердің әрекеті кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралған.
Нәтижесінде олар профилактикалық есепке қойылды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Материал авторы