Ақтөбеде әйел алаяқтардың кесірінен қарттар үйінен бір шықты
68 жастағы әйелдің атына 2 млн теңге несие рәсімделген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе қаласында алаяқтардың құрбаны болған 68 жастағы зейнеткер баспанасынан айырылып, қарттар үйіне орналастырылды. Бұл туралы жергілікті полиция департаменті мәлімдеді.
Зардап шеккен әйелдің туыстарының айтуынша, ол күйеуі мен ұлынан айырылғаннан кейін жалғыз тұрған. Төрт жыл бұрын алаяқтар оның атына 2 миллион теңге несие рәсімдеген. Қарыз сомасы кейін зейнетақысынан өндіріліп отырған.
Әжей бұл жағдай бойынша құқық қорғау органдарына бірнеше рет жүгінген. Алайда қарызды жабу үшін ол өз үйін сатуға мәжбүр болған.
Үйін сатқаннан кейін қалған қаражатқа әйел ескі бір бөлмелі пәтер сатып алған. Бірақ ол жерде де ұзақ тұра алмады. Туыстарының айтуынша, өткен жылдың тамызында зейнеткер тағы да алаяқтардың құрбаны болған.
Белгісіз адамдар әйелді түрлі сылтаумен қорқытып, оның телефоны тыңдалып жатқанын айтқан. Сондай-ақ ешкімге хабарласпауға көндіріп, риэлторлар арқылы тұрып жатқан пәтерін сатуға мәжбүрлеген.
Пәтер сатылғаннан кейін түскен ақшаны алаяқтар иемденіп кеткен. Соның салдарынан зейнеткер баспанасыз қалып, көшеде қалған. Кейін әлеуметтік қызметкердің көмегімен ол қарттар үйіне орналастырылған.
Адвокаттың айтуынша, алғашқы алаяқтық ісі бойынша тоғыз адам сотталған. Сот олардың үшеуінен жәбірленушінің пайдасына 2 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарған: бір адамнан – 1 миллион теңге, тағы екеуінен – 500 мың теңгеден.
Алайда сот үкімі шыққанына қарамастан, бұл қаржы әлі күнге дейін қайтарылмаған.
Ал пәтерді сатуға мәжбүрлеу фактісі бойынша қозғалған екінші іс әлі тергеліп жатыр.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, қылмыс әзірге ашылмаған, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Материал авторы