552

Ақмола облысында пойыз 11 жылқыны басып кетті: Кінәлі малшы анықталды

Машинист шұғыл тежегішті жасағанымен, пойызды тез тоқтату мүмкін болмады.

Ақмола облысында пойыз 11 жылқыны басып кетті: Кінәлі малшы анықталды
Polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының жазуынша, Ақмола облысында теміржол үстіне шыққан табын жүк пойызының жолын бөгеп, салдарынан 11 жылқы мерт болды. Оқиғаға жауапты шопан анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Polisia.kz мәліметінше, оқиға 11 наурыз күні таңертең Торғай – Селеты теміржол учаскесінде болған. Ерейментау – Алтынтау бағытымен келе жатқан жүк пойызының машинисі рельс үстіндегі жылқы табынын байқап, дереу шұғыл тежеу жасаған.

Алайда ауыр салмақты құрамды бірден тоқтату мүмкін болмаған. Соның салдарынан пойыз табынды қағып өтіп, 11 жылқы қаза тапты. Оқиғадан кейін пойыз қозғалысы 23 минутқа тоқтаған.

Көлік полициясы тексеру барысында малдың иесін анықтады. Белгілі болғандай, 35 жастағы шопан жергілікті шаруа қожалықтарының біріне қарасты малды теміржол маңында қараусыз жайып жіберген. Ол теміржолдың қорғаныс аймағында мал жаю ережесін өрескел бұзған.

Осыған байланысты ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көлік полициясы мұндай жағдайлар тек техникалық кідіріс қана емес, қауіпсіздікке үлкен қатер төндіретінін ескертеді. Шұғыл тежеу пойыз жолаушылары мен локомотив бригадасының денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.

Статистика да алаңдатарлық. Биыл Қазақстанда пойыздардың шұғыл тежеуінің 234 жағдайы тіркелген. Оның 167-сі теміржолға шыққан малға байланысты болса, тағы 61 жағдай рельске шыққан адамдардың кесірінен болған.

Құқық қорғау органдары шаруашылық иелерін малды қараусыз қалдырмауға шақырып отыр. Мұндай жағдайларда әкімшілік жауапкершілікпен қатар, локомотивке немесе теміржол инфрақұрылымына келтірілген шығын үшін материалдық өтемақы да талап етілуі мүмкін.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор