200

Елена Рыбакина әлемнің екінші ракеткасы атанды

Рыбакина тарихи жетістікке қол жеткізді.

Елена Рыбакина әлемнің екінші ракеткасы атанды
WTA

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, отандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан беделді Indian Wells Open турнирінде тағы бір маңызды жеңіске жетті. Нәтижесінде ол Әйелдер теннис қауымдастығының рейтингісінде екінші орынға көтеріліп, мансабындағы ең жоғары көрсеткішті тіркеді.

Турнирдің ширек финалында қазақстандық спортшы әлемнің үздік теннисшілерінің бірі — америкалық Джессика Пегуламен кездесті. Кездесу екі сетке созылып, Рыбакина 6:1, 7:6 (7:4) есебімен жеңіске жетті.

Алғашқы сетте қазақстандық теннисші толық басымдық танытып, қарсыласына небәрі бір гейм ғана берді. Екінші сет әлдеқайда тартысты өтті. Тараптар тай-брейкке дейін жеткенімен, шешуші сәтте Рыбакина салқынқандылық танытып, матч тағдырын өз пайдасына шешті.

Айта кетерлігі, бұл — Рыбакинаның Пегулаға қарсы қатарынан төртінші жеңісі.

Бұл жеңіс WTA рейтингіндегі жағдайға да әсер етті. Рыбакина әлемнің екінші ракеткасы атанып, өзінің кәсіби мансабындағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Бұл көрсеткіш Қазақстан теннисі тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік саналады.

Турнирдің жартылай финалында Рыбакина финал жолдамасы үшін украиналық теннисші Элина Свитолинамен кездеседі.

Жанкүйерлер бұл матчқа ерекше қызығушылық танытып отыр. Өйткені соңғы айларда Рыбакина тұрақты әрі сенімді ойын көрсетіп, жоғары спорттық бабында екенін дәлелдеп келеді.

Материал авторы