SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жангелдин ауылы тұрғындарының жоғалып кетуіне байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жаңа деректер белгілі болды. Тергеу мәліметінше, қаза тапқан адамдардың денесінен өткір затпен салынған жарақаттар анықталған.
Бұл туралы ақпаратты Атырау облысы полиция департаменті растады. Алдын ала болжам бойынша, күдікті Сұлтан Сәрсемалиев бұрынғы әйелінің ағасы мен әпкесін өткір затпен өлтірген болуы мүмкін. Дегенмен, өлімнің нақты себебі мен уақыты сот-медициналық сараптамадан кейін ғана белгілі болады.
Полицияның бірінші орынбасары Құттыбай Садықов марқұмдардың денесінен өткір заттан қалған жарақаттар табылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, нақты қандай қару қолданылғаны сараптама қорытындысынан кейін жарияланады.
Бұған дейін Жангелдин ауылынан бір отбасының із-түзсіз жоғалғаны хабарланған еді. 2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау тұрғыны полицияға жүгініп, ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт байланысқа шықпай кеткенін айтқан. Жоғалғандар — ерлі-зайыпты және олардың 32 және 35 жастағы екі баласы.
Тергеу барысында олардың ұялы телефондары Қазақстан аумағында бірнеше рет қосылып-өшіп тұрғаны анықталды. Соңғы рет сигнал Шымкент қаласында тіркелген.
2026 жылдың 6 қаңтарында ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылғаны белгілі болды. Ал кейінірек қала маңындағы Геолог шағынауданы аумағынан Наурыз бен Мирамгүлдің денелері табылды. Тергеу дерегінше, олар күдікті бұрын жалға алып тұрған үйдің ауласынан анықталған.
Марқұмдардың туыстары тағы бір күмәнді жайтты алға тартып отыр. Олардың айтуынша, 66 жастағы Максот Мұқанғалиев пен оның жұбайы қаза тапқаннан кейін де туыстарына дауыстық хабарламалар келген. Хабарламалар келінінің телефонынан жіберілгенімен, сол уақытта әйелдің өзі де тірі болмаған болуы мүмкін деген болжам бар. Яғни белгісіз біреу бұрын жазылған аудиоларды кейін жіберген болуы ықтимал.
Күдікті Сұлтан Сәрсемалиев шетелде, нақтырақ айтқанда Индонезия аумағында ұсталған. Оның жанынан бірнеше ұялы телефон мен жеке куәліктер тәркіленген. Тергеу бұл заттардың бір бөлігі жоғалған отбасы мүшелеріне тиесілі болуы мүмкін екенін тексеріп жатыр.
Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Ал қаза тапқан отбасының кенже қызына психологиялық сараптама тағайындалған. Тергеу жалғасып жатыр.
RUS