Астанада пышақ ұстаған жартылай жалаңаш ер адам полиция назарын аудартты
Куәгерлердің айтуынша, ол біреуді іздегендей көшеде жүгірген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана көшелерінің бірінде жартылай жалаңаш ер адамның қолына пышақ ұстап жүгіріп жүрген сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желілерде кең тарады. Оқиғаға қатысты полиция күдіктінің жеке басын анықтағанын хабарлады.
Кадрлар Instagram желісіндегі astana_typical парақшасында жарияланды. Видео авторларының айтуынша, ер адам Достық пен Республика көшелерінің қиылысында қолына пышақ ұстап жүгіріп жүрген. Куәгерлер оның біреуді іздегендей немесе қуып жүргендей әрекет жасағанын айтады.
Біршама уақыттан кейін ер адам жол үстінде қалдырған көлігіне қайта оралып, көлікке отырып оқиға орнынан кетіп қалған.
Астана қаласының Полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, құқық бұзушы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Қазір ол уақытша ұстау бөлмесіне қамалған. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік материал толтырылып, іс сотқа жолданған.
Материал авторы