Ақтөбеде күтуші жұмыс берушілерінің 3 млн теңгелік алтындарын ұрлаған
Сенімге кіріп, әшекейлерді ломбардқа өткізген күтуші ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде полицейлер ірі көлемдегі ұрлыққа күдікті 30 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Тергеу деректеріне сәйкес, әйел қаңтар айынан бастап көпбалалы отбасыда күтуші болып жұмыс істеген. Үй иелерінің сеніміне кірген ол үйден қожайын әйелдің алтын әшекейлерін жасырын алып шыға бастаған.
Алтын сырғалар, шынжыр және сақиналардың жоғалғанын үй иесі наурыз айында байқап, полицияға жүгінген. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын шамамен 3 миллион теңгені құрайды.
Тергеу барысында күтуші жұмысқа әлеуметтік желідегі хабарландыру арқылы қабылданғаны анықталған. Күдікті алтын бұйымдардың қай жерде сақталғанын біліп алған соң оларды біртіндеп үйден алып шығып, ломбардтарға өткізіп отырғанын мойындады. Ал түскен ақшаны жеке қажетіне жұмсаған.
Аталған факті бойынша ірі көлемдегі ұрлық бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге мүлкін тәркілеумен қатар жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Материал авторы