Алматыда әскери форма киген ер адам дүкеннен сыра алып кеткен (ВИДЕО)
Қорғаныс министрлігі ұрлық жасаған жігіт туралы мәлімдеме жасады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы Дарабоз ықшамауданында орналасқан дүкен иесі әскери формаға ұқсас киім киген ер адамға қатысты шағым айтты. Оның айтуынша, сатып алушы сыраның бір банкасын алып, ақысын төлемей кетіп қалған. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Дүкен иесі видеоны әлеуметтік желідегі Threads платформасында жариялап, ер адамнан тауардың ақысын төлеуді сұраған.
Бейне әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін оқиғаға құқық қорғау органдары назар аударды. Алматы қалалық полиция департаменті аталған жағдай бойынша тексеріс басталғанын хабарлады.
«Алатау аудандық полиция басқармасына қарасты бөлім тексеріс жүргізіп жатыр. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Оқиғаға Қорғаныс министрлігі де түсініктеме берді. Себебі бейнежазбадағы ер адам әскери форма кигендей көрінген.
Министрлік мәліметінше, аталған азамат Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшісі емес. Ол жоғары оқу орындарының бірінде білім алып жүрген студент және әскери кафедрада оқиды.
Сонымен қатар бейнежазбаны тексеру барысында ер адамның үстіндегі киімнің Қарулы күштердің қазіргі ресми әскери формасына сәйкес келмейтіні анықталған. Киімде тиісті айырым белгілері болмаған, ал қолданылған далалық форма үлгісі ескірген нұсқаға жатады және қазіргі уақытта әскерде қолданылмайды.
Қазіргі кезде полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Материал авторы