БҚО-да 16 жастағы қызды зорлады деген күдікпен экс-шенеунік қамауға алынды
Бұрынғы шенеунік екі айға қамауға алынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінген бұрынғы шенеунікке қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, күдікті ұсталғаннан кейін босатылды деген сөз шындыққа жанаспайды.
Бұған дейін жәбірленуші қыздың әкесі БАҚ-қа берген мәлімдемесінде күдікті ұсталғанымен, көп ұзамай босатылғанын айтқан болатын.
Полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыстық іс облыстық департаменттің тергеу басқармасының өндірісіне алынған. Әкенің қосымша айтқан деректері сотқа дейінгі тергеу барысында тексерілген.
«Күдікті қамауға алынды», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, іс полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу барысына прокуратура органдары қадағалау жүргізіп отыр. Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сәйкес, тергеу аяқталғанға дейін басқа мәліметтер жария етілмейді.
Бұл оқиға алғаш рет ақпан айының соңында белгілі болды. Алдын ала ақпарат бойынша, Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында 16 жастағы қыз зорланған. Полицияға жәбірленушінің әкесі арыз түсірген. Оның айтуынша, 2 қаңтар күні ер адам қызын алдап үйіне шақырып, оған зорлық жасаған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 120-бабы – «Кәмелетке толмағанды зорлау» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Кейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл іс қайта тергеліп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жәбірленуші тараптың күдікті босатылды деген шағымы да қосымша тексерілетін болады.
Ал 28 ақпанда күдікті ретінде Шыңғырлау аудандық әкімдігінің бір бөлімінде жұмыс істеген бұрынғы шенеунік ұсталғаны белгілі болды. Арыз түскеннен кейін ол қызметінен босатылған.
Прокуратура мәліметінше, сот санкциясымен күдікті екі ай мерзімге қамауға алынған.
Материал авторы