298

Қазақстанда «Аңсаған сәби» арқылы 11 мыңнан астам бала дүниеге келді

ЭКО бағдарламасы мыңдаған отбасыға үміт сыйлады.

Қазақстанда «Аңсаған сәби» арқылы 11 мыңнан астам бала дүниеге келді
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда бедеулік мәселесіне тап болған отбасыларға қолдау көрсету үшін іске қосылған «Аңсаған сәби» бағдарламасының нәтижелері жарияланды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бірнеше жылда мемлекеттік қолдау арқылы мыңдаған отбасы бала сүйу мүмкіндігіне ие болған.

2021–2025 жылдар аралығында экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) рәсіміне қолжетімділік кеңейіп, мемлекеттік қаржыландыру есебінен елде 11 мыңнан астам сәби дүниеге келген.

Бағдарлама репродуктивті медициналық технологияларды қазақстандықтар үшін қолжетімді ету мақсатында іске қосылған. Осы уақыт ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы бөлінетін квота саны жеті есеге арттырылып, жылына 7 мыңға дейін жеткізілген.

Нәтижесінде бағдарламаның қамту аясы кеңейіп, ата-ана болуды армандаған көптеген отбасыға мүмкіндік берілді.

Бес жыл ішінде «Аңсаған сәби» аясында ЭКО процедурасынан 28 мыңнан астам әйел өткен. Олардың 12 мыңнан астамы жүктілік бойынша есепке алынған. Кейін шамамен 11 мың көптен күткен сәби дүниеге келген.

Денсаулық сақтау министрлігі бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде ЭКО қызметін көрсететін клиникалардың жұмысы тұрақты бақылауда болғанын атап өтті. Бұл медициналық көмектің сапасын бақылауға және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

Материал авторы