625

Павлодарда әкесінен шаршаған 8 жасар қыз өзін балалар үйіне жіберуді сұраған

Әкесінің зорлығынан қашқан бала көршілерден көмек сұраған.

Павлодарда әкесінен шаршаған 8 жасар қыз өзін балалар үйіне жіберуді сұраған
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда сегіз жастағы қыз үйінен қуылғаннан кейін көмек сұрап, балалар үйіне орналастыруды өтінген. Қазір бала мемлекет қорғауына алынған.

Белгілі болғандай, қыз анасыз өсіп, әкесімен бірге тұрған. 8 наурыз қарсаңында ол көршілерінің үйіне барып, қайда барарын білмей жүргенін айтып, көмек сұраған. Көршілер бұл жағдайды бірден бала құқықтары жөніндегі уәкілге хабарлаған.

Өңірлік омбудсмен қыз тұрған пәтерге бармақ болғанымен, есікті ешкім ашпаған. Баланың айтуынша, ол бір тәулік бойы қалада қаңғып жүрген. Тіпті бір сәт әжесінің үйіне бармақ болғанымен, ол жерде де тұрақтай алмаған.

Дәрігерлік тексеру кезінде қыздың денесінен көптеген көгерген іздер анықталған. Осыдан кейін бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген.

Белгілі болғандай, бір жарым жыл бұрын қыздың әкесі ата-аналық міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сол кезде бақылау камераларына оның қызын телефонмен басынан ұрып жатқан сәті түсіп қалған. Алайда ол кезде ер адам 26 мың теңге көлемінде айыппұлмен ғана құтылған. Сонымен қатар оған бір ай бойы балаға жақындауға тыйым салынған.

Қыздың анасы қайтыс болған. Ал 80 жастағы әжесі мүмкіндігі шектеулі ұлымен бірге тұратындықтан, баланы қарауына ала алмаған. Осы себепті қыз әкесінің қолында қалған.

Павлодар облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сауле Шәкеневаның айтуынша, әкесі наркологиялық есепте тұрғанына қарамастан, баланы «тәрбиелеу» кезінде күш қолданған. Соған қарамастан сол кезде кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия әкені ата-аналық құқықтан айыру үшін сотқа жүгінуге негіз жоқ деп шешкен.

Қазір қыз мемлекет қорғауына алынған. Құқық қорғау органдары баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әкесін жауапкершілікке тарту бойынша қажетті шараларды дайындап жатыр.

Материал авторы