Түркістан облысында 200 мың теңге пара алды деген полицейге 2 млн теңге айыппұл салынды (ВИДЕО)
Парамен ұсталған полицей қашпақ болған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында Созақ аудандық полиция бөлімінің жедел уәкіліне қатысты сот үкімі шықты. Ол жергілікті тұрғыннан жауапкершілікке тартпау үшін ақша талап етті деген күдікке ілінген.
Тергеу мәліметінше, криминалдық полиция бөлімінің қызметкері ер адамның қолынан тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшы мылтығы табылғаннан кейін оны қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін 200 мың теңге сұраған.
Ақша берілгеннен кейін полицей қалтасындағы заттарды көрсету талап етілген кезде қашып кетуге әрекет жасаған. Алайда ол оқиға орнында ұсталған.
Жеке тінту барысында күдіктіден 190 мың теңге табылған. Қалған ақшаны ол үлгеріп жұмсап қойғаны анықталған.
Алғашында іс пара алу дерегі бойынша тергелген. Кейін тергеу барысында айыптау бабы алаяқтыққа өзгертілген.
Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыға бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Алайда сот оны кінәлі деп танып, шамамен 2 миллион теңге көлемінде айыппұл салумен шектелді.
Айта кетейік, Созақ аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі өткен жылдың қараша айында ақша алған сәтінде ұсталған болатын.
Материал авторы