297

Абай облысында құрылыс нысаны опырылып, ерлі-зайыпты қаза тапты

Оқиға 14 наурызда салынып жатқан кафе аумағында болған.

Абай облысында құрылыс нысаны опырылып, ерлі-зайыпты қаза тапты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысының Курчатов қаласында салынып жатқан ғимараттың бір бөлігі құлап, екі адам қаза тапты. Қайғылы оқиғаға байланысты облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.

Алдын ала мәлімет бойынша, 14 наурыз күні салынып жатқан кафе ғимаратының қабырғасының бір бөлігі опырылып түскен. Соның салдарынан үйінді астынан егде жастағы ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қарағанда, құтқару қызметі үйінді астынан қаза тапқандарды шығарып жатқан кезде, жақын маңдағы кафеде музыка ойнап, іс-шара жалғасқан. Оқиғаны көрген куәгерлер мұны адам өміріне құрметсіздік деп бағалаған.

Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған.

Қылмыстық іс құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу фактісі бойынша тіркелген. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл заңбұзушылық абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор