313

Ақмола облысында әкесі мен ұлы наркобизнеспен айналысқан

Арнайы операция кезінде «отбасылық бизнес» иелерінен 200 келі мефедрон табылды.

Ақмола облысында әкесі мен ұлы наркобизнеспен айналысқан
ІІМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында синтетикалық есірткі өндіретін жасырын нарколабораторияның жұмысы тоқтатылды. Полиция 54 жастағы ер адам мен оның 26 жастағы ұлын ұстады. Тергеу мәліметінше, әкесі ұлын есірткі бизнесіне тартып, синтетикалық заттарды дайындауды үйреткен.

Арнайы операция кезінде полиция 200 келі мефедрон, 2 тоннадан астам прекурсор және химиялық реакторлар мен зертханалық құрал-жабдықтарды тәркіледі.

Мамандардың бағалауынша, бұл шамамен 600 мың бір реттік дозаға тең. Қара нарықтағы ықтимал құны 5 миллиард теңгеден асуы мүмкін.

ІІМ дерегінше, тәркіленген химиялық заттардың бір бөлігі басқа өңірлерге жөнелтіліп отырған. Бұл өндірісті өнеркәсіптік деңгейге жеткізу әрекеті болғанын көрсетеді.

ІІМ Наркобизнеске қарсы комитетінің төрағасы Данияр Мейрханның айтуынша, операция барысында есірткі өндірісіне қатысы бар барлық тізбек анықталған.

«Біз химиялық заттарды жеткізушілерден бастап өндірісті ұйымдастырушыларға дейінгі барлық схеманы тоқтаттық», – деді ол.

Заң бойынша мұндай қылмысқа қатысы бар адамдарға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейінгі жаза тағайындалуы мүмкін.

ІІМ мәліметіне сәйкес, Қазақстанда синтетикалық есірткі көбіне интернет арқылы таралады. Оларды өндіру үшін арнайы білім қажет емес. Нұсқаулықтарды «кураторлар» береді, ал қажетті химиялық компоненттер онлайн тапсырыспен жеткізіледі.

Материал авторы