«Ол мені өлтіреді»: Ақтауда жоғалған әйел аман-есен табылып, күмәнді оқиғаға тап болғаны белгілі болды
Жұмысқа кетіп, жоғалып кеткен әйелді ер адам бір апта бойы үйінде ұстаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда бір апта бойы іздестірілген 40 жастағы әйелдің оқиғасы жаңа мән-жайлармен толықты. Туыстарының айтуынша, ол осы уақыт ішінде бейтаныс ер адамның үйінде заңсыз ұсталып, зорлық көрген. Бұл туралы Lada.kz жазды.
Әйелдің анасының айтуынша, қызы 6 наурыз күні жұмысқа орналасу үшін әңгімелесуге кеткен. Сол күннен бастап оның телефоны өшіп, байланыс үзілген. Отбасы бірден полицияға арыз беріп, әйелді іздеу басталған. Алайда бірнеше күн бойы одан еш хабар болмаған.
13 наурыз күні кешкісін отбасының танысы қаладағы орындықтардың бірінде отырған әйелді байқап, полиция шақырған. Оны полиция бөліміне жеткізіп, сол жерде туыстарына тапсырған.
Анасының сөзінше, қызын көрген сәтте оның қатты қорқып, күйзеліске түскені байқалған.
«Ол шошып қалған, не болып жатқанын түсінбей қалғандай күйде болды», – дейді әйел.
Алғашында әйел күйзеліс салдарынан нақты мекенжайды айта алмаған. Кейін есін жиған соң, өзін қай жерде ұстағанын көрсеткен.
Полиция қызметкерлері әйел мен оның туыстарын ертіп, көрсетілген мекенжайға барған. Пәтердің алдында әйел өзі болған үйдің иесін көрсеткен.
Бастапқыда ер адам еш қатысы жоқ екенін айтып, бәрін жоққа шығарған. Алайда пәтер есігі ашылған кезде үй ішінен әйелдің сөмкесі, телефоны мен жеке куәлігі табылған.
Осыдан кейін күдікті болған жайттарды мойындаған. Отбасына полиция басқармасына барып, арыз жазып, сараптама тапсыру керегі айтылған.
Анасының айтуынша, сол сәтте қыз күдіктіні көргенде қатты қорқып, артына тығылып: «Ол мені өлтіреді» деп бірнеше рет қайталаған.
Кейін үйіне оралған соң әйел біртіндеп басынан өткен жайттарды айтып берген. Анасының сөзінше, қызы өзін күштеп ұстағанын және зорлық көрсетілгенін айтқан.
Оның айтуынша, күдікті әйелді ұрып-соққан, тұншықтырған, бетінен соққан және пышақпен қорқытқан. Пәтердің есігі жабық болғандықтан, әйелдің сыртқа шығуға мүмкіндігі болмаған.
Отбасы күдіктінің шетел азаматы екенін айтады. Ол бұған дейін екі рет сотталған, оның ішінде адам өлтіру бабы бойынша да жауапқа тартылған.
Соған қарамастан, туыстарының мәліметінше, ер адам тергеу кезінде ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.
Қазір әйелдің психологиялық жағдайы ауыр екені айтылады.
Анасының сөзінше, ол түнде ұйықтай алмайды, шошып оянып, есікке қарай жүгіріп кетеді. Ұйықтап жатып жылап, «жібер, ауырып тұр» деп айқайлайтын кездері бар. Есіктің қағылған дауысы да оны үрейлендіреді.
Маңғыстау облысы полиция департаменті күдіктінің жеке басы анықталғанын хабарлады.
Полиция мәліметінше, ер адам әйелдің өз еркімен бірге тұрғанын айтып отыр. Оның сөзінше, әйел өзі келіп, тұратын жері жоқ екенін айтқан, сол себепті жалғыз тұратындықтан уақытша қалуына рұқсат берген.
Сондай-ақ ер адам олардың арасында бір рет жыныстық қатынас болғанын, оның өзара келісіммен жасалғанын мәлімдеген.
Қазір іс бойынша медициналық және психологиялық сараптамалар тағайындалған. Тергеу нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады.
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда 6 наурыз күні үйінен шығып кеткен әйелдің жоғалып кеткені хабарланған еді.
Материал авторы