383

Атырауда полицейдің арқасына пышақ сұққан әйел сотталды

Қақтығыс көршілердің шағымынан кейін басталған.

Атырауда полицейдің арқасына пышақ сұққан әйел сотталды
HALYQSTAN

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда учаскелік полиция қызметкеріне пышақ жарақатын салған әйелге қатысты сот үкімі шықты. Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Оқиға 2025 жылғы 17 қазанға қараған түні қаладағы Привокзальный шағын ауданында болған.

Көршілердің шағымынан кейін учаскелік полицейлер көпқабатты үйдің подъезіне келген. Онда олар мас күйде тұрған ер адамды байқап, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін оны сыртқа шығармақ болған.

Осы кезде ер адамның жұбайы араша түскен. Тергеу дерегінше, әйелдің өзі де алкоголь ішкен күйде болған.

Әйел алдымен бір полицейдің бетінен жұдырықпен ұрып, оның жоғарғы ернін қанатқан. Осыдан кейін полиция қызметкері қосымша күш шақырған.

Ер адамды ұстап, подъезден алып шығып жатқан кезде әйел қолына пышақ алып, тағы бір полицейге шабуыл жасаған. Ол тәртіп сақшысының оң иығына пышақ сұғып алған.

Медицина сараптамасы екі полиция қызметкерінің де алған жарақатын жеңіл дене жарақаты ретінде бағалаған.

Сот үкім шығару кезінде әйелдің төрт баласы бар екенін, олардың екеуі кәмелетке толмағанын ескерді.

Осыған байланысты жазаны өтеу мерзімі бес жылға кейінге шегерілді.

Бұған дейін әйелдің үлкен ұлы Виталий Пискарев кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында болғаны хабарланған. Кейін ол орталықтан қашып шығып, уақытша ұстау изоляторындағы анасына бармақ болған, алайда жолда адасып кеткен.

Жергілікті блогерлердің бірі жасөспірімнің видеоүндеу жазуына көмектескен. Онда ол оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтқан.

Алайда уәкілетті органдар бұл мәлімдемелердің ресми түрде расталмағанын хабарлады. Ал бейімдеу орталығының директоры жасөспірімнің мекемеден қашып кетуіне жол бергені үшін қатаң сөгіс алған.

Сот шешімімен әйелге алкоголизмнен мәжбүрлі ем қабылдау да тағайындалды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор