Атырауда 2 млн теңге бопсалаған блогерге үкім шықты
Қалаға белгілі блогер мен сыбайласы жазаланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда кәсіпкерден 2 миллион теңге бопсалады деген айыппен сотталған блогер мен оның танысына қатысты үкім жарияланды. Айыпталушылар кінәларын мойындамағанымен, сот оларды кінәлі деп таныды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, өткен жылдың мамыр айында блогер қаладағы бір ЖШС аумағында сақталған өнімдерді видеоға түсіріп, кәсіпорын ауласының ретсіз жатқанын көрсететін роликті Instagram парақшасына жариялаған.
Кейін ол жазбаны өшіру үшін делдал ретінде танысын пайдаланып, кәсіпорын директорынан 2 миллион теңге талап еткен. Кәсіпкер бұл жағдай бойынша полицияға жүгініп, күдіктілер ұсталған.
Іс екі бап бойынша қаралды: алдын ала сөз байласу арқылы жасалған бопсалау және билік өкіліне күш қолдану.
Тергеу барысында блогердің пәтерінде жүргізілген тінту кезінде ол полиция қызметкеріне қол көтеріп, соққы жасағаны анықталған.
Атырау қалалық №2 сотының судьясы Жұмағали Тәшімов айыпталушылар тағылған айыппен келіспегенін, ақтауды сұрағанын айтты.
Алайда сот олардың кінәсін жәбірленушілердің, куәлардың айғақтары және тергеу барысында түсірілген бейнематериалдар арқылы дәлелденгенін мәлімдеді.
Нәтижесінде блогер 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, жаза екі жылға кейінге шегерілді.
Ал оның сыбайласы бұрын сотталғанын ескере отырып, дәл осындай мерзімге сотталды. Бұл жаза тағайындауда ауырлататын жағдай ретінде қаралды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы