Талғар адам ұрлап, кісі өлтірген күдікті 25 жылға сотталды
Қаза болған адамның отбасына 30 млн теңге өтемақы тағайындалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында адам ұрлау, зорлау және кісі өлтіру фактілері бойынша резонансты іс аяқталып, үш күдіктіге үкім шықты. Негізгі айыпталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жәбірленуші тараптың адвокаттарының мәліметінше, басты фигурант жазасын орта қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейді. Ал іске қатысы бар екі кәмелетке толмағанға 9 жылдан жаза кесілді.
Сот азаматтық талаптарды ішінара қанағаттандырды: негізгі айыпталушы қаза болған адамның анасына, жұбайына және әпкесіне әрқайсысына 10 миллион теңгеден, барлығы 30 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Кәмелетке толмаған екі сотталушы үш жәбірленушінің әрқайсысына 5 миллион теңгеден өтемақы төлейді.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 6 қыркүйекте күдікті таныстарымен бірге әйелдің үйіне басып кіріп, оның 27 жастағы ағасын атып өлтірген. Кейін қызды күштеп алып кеткен. Ер адам оқиға орнында қаза тапты. Артында үш баласы мен жүкті жұбайы қалған.
Қыз бала кепілде ұсталған. Қуғын кезінде күдікті отырған көлік жардан құлап, жәбірленуші жарақат алып, ота жасалған.
Бұл іске байланысты Талғар аудандық полиция қызметкерлеріне де қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін зорлау күдігімен ұсталған күдіктінің босатылуы кейін ауыр қылмысқа әкелген.
Сотқа төрт полиция қызметкерінің ісі жеткен: екі учаскелік инспектор салғырттық пен қызметтік жалғандық бойынша, ал екі тергеуші лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және әрекетсіздік бойынша айыпталуда.
Негізгі күдіктіге бірден 12 бап бойынша айып тағылған. Олардың ішінде кісі өлтіру, адам ұрлау, зорлау, алаяқтық, қаруды заңсыз жасау мен сақтау, тұрғын үйге заңсыз кіру және кәмелетке толмағанды қылмысқа тарту сияқты ауыр баптар бар.
Екі кәмелетке толмаған күдікті адам өлтіру және адам ұрлау эпизодтары бойынша жауапқа тартылған.
Белгілі болғандай, бұл оқиға бір ай бұрын басталған. Ұрланған қыздың анасы зорлау фактісі бойынша полицияға арыз берген, алайда күдіктіге қатысты ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмаған. Кейін отбасы оны өздері ұстап, полицияға тапсырғанымен, ол тағы да босатылған.
Материал авторы