Мұрат Әбенов: Футболды халық ақшасымен қаржыландыруға қарсымын
Депутат футболды қаржыландыру ісін сынға алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов футбол клубтарын мемлекет қаржысы есебінен ұстауға қарсы екенін ашық мәлімдеді. Ол бұл пікірін «Астана» футбол клубына қатысты қойылған сұраққа жауап беру кезінде айтты.
Депутаттың айтуынша, бір қаланың бір клубына бюджеттен қаржы бөлінуі әділетсіздікке әкеледі. Себебі мұндай жағдайда елдегі барлық команданы бірдей қаржыландыру қажеттілігі туындайды.
«Егер бір клубқа қолдау көрсетсек, онда қалған командаларды да дәл солай қаржыландыруымыз керек. Бұл – қисынсыз», – деді ол.
Әбенов футболдың табиғаты бойынша коммерциялық сала екенін атап өтті. Оның сөзінше, әлемдік тәжірибеде клубтар табыс табатын бизнес ретінде жұмыс істейді.
«Футболды бюджет есебінен қаржыландыру дұрыс емес. Әсіресе құрамында легионерлер ойнайтын клубтарға халық ақшасын жұмсау – орынсыз», – деді депутат.
Депутат «Астана» клубына жеке артықшылық беруге қарсы екенін жеткізді. Оның пікірінше, «Самұрық-Қазына» қоры арқылы бір клубты қаржыландыру – бүкіл халықтың қаржысын әділетсіз бөлу.
Айта кетейік, соңғы уақытта Қазақстандағы бірқатар футбол клубтары жекеменшік инвесторлардың қолына өте бастады.
Астаналық «Жеңіс» клубын Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе сатып алды. «Шахтер» клубы кәсіпкер Тимур Турловтың иелігіне өтті. Петропавлдың «Қызылжар» командасын Сергей Кан иеленді.
Сондай-ақ «Ақтөбе» клубын Qazaq Stroy компаниясының жетекшісі Нұрлан Артықбаев басқарса, «Қайсар» клубын TAU Group LTD басшысы Исламғали Қозыбақов қолға алмақ. Шымкенттің «Ордабасы» клубы кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің меншігіне өткен.
Материал авторы