«Ұрып далаға тастап кетті»: Қария ұлдарынан қорлық көргенін айтты
Қария бірнеше жыл бойы ұлдарынан қысым көргенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысының Ақсу ауданында 62 жастағы тұрғын өз ұлдарының тарапынан жүйелі қысым көріп келгенін айтып, қоғамнан көмек сұрады. Оқиға әлеуметтік желіде тараған видео арқылы жария болды.
Қарияның сөзінше, оның төрт ұлы бар, соның екеуі бір ауылда тұрады. Дәл осы екеуі әкесінен жиі ақша талап етіп, бас тартқан жағдайда күш қолдануға дейін барған. Ол соңғы жанжалдардың бірінде ұлдары өзін ауыл шетіне апарып, соққыға жығып, жыртылған киіммен, аяқ киімсізге жуық күйде тастап кеткенін айтады. Қарт әрең дегенде үйіне жетіп, кейін бір айға жуық төсек тартып жатқан.
Зардап шегушінің айтуынша, ұлдары тек үйде емес, оның жұмыс орнында да әдейі тәртіпсіздік жасаған. Олар шеберхананың терезелерін сындырып, құралдарын, ақшасын, телефоны мен құжаттарын алып кеткен.
Қария – 2013 жылы Қытайдан қоныс аударған азамат. Қазір ауылда етікші болып күн көріп отыр.
Ол бірнеше рет полицияға жүгінген. Нәтижесінде екі ұлы жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен бір айға дейін қамауда болған.
Алайда олар бостандыққа шыққан соң да қысым тоқтамаған. Соттың қорғау нұсқамасына қарамастан, әкесіне күш көрсету жалғасқан.
Соңғы оқиғалардан кейін 31 және 34 жастағы екі азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот оларды кінәлі деп таныды. Екеуіне де қамау жазасы тағайындалған.
Сондай-ақ сот олардың мінез-құлқына үш айға арнайы шектеу қойып, жәбірленушіге жақындауға тыйым салған. Қазір олар қамауда, кейін профилактикалық есепке алынбақ. Зардап шегуші ұлдары босап шыққаннан кейін қысым қайта жалғасуы мүмкін екенін айтып, алаңдайды. Сонымен қатар ол тартып алынған жеке құжаттарын қайтаруға көмектесуді сұрап отыр.
Әлеуметтік желіде тараған видео үлкен резонанс туғызды. Көпшілік үлкенге құрмет көрсету қағидалары бұзылғанына алаңдаушылық білдіріп, қарияға қолдау көрсетуде.
Материал авторы